Қылмыс

Несие үшін адам өлтірген: Ақтөбеде әріптесін азаптап өлтірген ер адамның ісі ашылды

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 31 жастағы Азамат Қармысовтың өліміне қатысты істі қарап, айыпталушыға үкім шығарды.

Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың сәуір айында ақтөбелік Л. есімді ер адам әріптесін — Азамат Қармысовты үйінің маңында күтіп, күштеп көлігіне отырғызған. Кейін оны қала сыртындағы өндірістік аймаққа апарып, онлайн несие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Алынған 7,7 миллион теңге Л.-ның танысы У.-дың есепшотына аударылған.

Ақшаны иемденген соң Л. қылмысты жасыру мақсатында әріптесін тұншықтырып өлтіріп, мәйітті Алға ауданы аумағына апарып көмген.

Біраз уақыт өткен соң Азамат Қармысовтың жоғалып кеткені туралы хабар тараған. Тергеу барысында екі күдікті ұсталып, іс сотқа жолданды.

Сот шешімімен Л. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 8 және 10-тармақтары (бұзақылық ниетпен, өзге қылмысты жасыру мақсатында адам өлтіру) және 194-баптың 3-бөлігінің 2-тармағы (ірі мөлшерде мүлікті бопсалау) бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал оның танысы У. ҚР ҚК-нің 432-бабы (қылмысты жасыру) бойынша 3 жыл 2 айға сотталды.Сот айыпталушылардың балалары бар екенін және У.-дың айыбын мойындағанын ескеріп, жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қабылдады.

Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды.Үкім заңды күшіне енген жоқ.