Жаңалықтар

Электрокроссовка пайда болмақ

Nike Project Amplify деп аталатын жаңа аяқ киім моделі технология мен спорттың тоғысын көрсетті. Компанияның айтуынша, бұл – адамның жүгіру немесе жүру кезіндегі күшін азайтатын, қозғалысын жеңілдететін алғашқы электрокроссовка.

Бұл кроссовкалар ортопедиялық мақсатқа арналмаған және арнайы топтарға емес, қарапайым спорт сүйер қауымға бағытталған. Nike мамандарының сөзінше, Project Amplify – “екінші балтыр бұлшық еті” секілді жұмыс істейді: ол жүгіру қарқынын сақтауға, еңіске көтерілуді жеңілдетуге және аяққа түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі.

“Nike Amplify жобасы баяу жүгіру мен серуендеуді жеңіл әрі қызықты етуге бағытталған. Бұл кәсіби спортшыларға емес, белсенді өмір салтын ұстанатындарға арналған өнім”, — деп жазылған Nike ресми сайтында.

Жоба робот техникасы бойынша америкалық Dephy компаниясымен бірлесе әзірленген. Қазір өнім сынақ кезеңінде. Тестке қатысушылардың айтуынша, кроссовкалар «дененің табиғи жалғасы секілді» әсер қалдырады.

Премьера күні мен соңғы нұсқасы әлі жарияланған жоқ. Дегенмен сарапшылар Nike Project Amplify-ды спорттық аяқ киім эволюциясындағы жаңа кезең деп бағалап отыр.