Қылмыс

Яна Легкодимованың өліміне қатысты іске жаңа айыптау қорытындысы бекітілді

Атырау облысының прокуратурасы Яна Легкодимованың өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша жаңа айыптау қорытындысын бекітті. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Ажар Абдил әлеуметтік желідегі жазбасында хабарлады.

Жаңа айыптау актісінде күдіктілерге ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 7 және 8-тармақтары («Адам өлтіру») мен 202-бабының 2-бөлігі («Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру») бойынша айып тағылған.

«Біз сот процесінің соңғы кезеңіне жақындадық. 5 қарашада соттағы жарыссөздер өтеді», — деп жазды Ажар Абдил.

99-баптың 7-тармағы — адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы кісі өлтіру, ал 8-тармағы — пайдакүнемдік мақсатпен немесе жалданып, не тонау мен қорқытып алуға байланысты жасалған адам өлтіру деп танылады. Бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Редакция облыстық прокуратураға жаңа айыптау қорытындысының толық мазмұнына қатысты ресми сұрау жіберді.

Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 2024 жылдың күзінде болған. 18 қазанда Яна Легкодимова Ризуан Хайржановпен кездесуге кеткен. Тергеу деректеріне сүйенсек, олардың арасында жанжал туып, Хайржанов досы Алтынбек Катимовты шақырған. Екеуі бойжеткенді өлтіріп, денесін Талдыколь ауылы маңындағы өзенге тастаған.

Қыздың анасы дереу полицияға жүгінген. Ұзаққа созылған іздеу жұмыстары сегіз айға жалғасып, 2025 жылдың маусымында Атырау қаласы маңынан табылған сүйек қалдықтары сараптама арқылы Янаға тиесілі екені анықталған.