Белгісіз ер адам Эйфель мұнарасында түнімен болған
Парижде күтпеген оқиға орын алды — белгісіз азамат Эйфель мұнарасында түнді өткізіп, күзет қызметінің назарынан тыс қалған. Бұл туралы newsroom.kz Le Parisien басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ер адам кешкі сағат 21:35 шамасында онлайн сатып алынған билет арқылы оңтүстік турникеттен өткен. Ол мұнара аумағында түнгі уақыт бойы қалып, таңертең 10:20-да батыс турникет арқылы сыртқа шыққан сәтінде ғана бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Қолында GoPro бейнекамерасы болған.
Мұнараға ешқандай зиян келтірілмегенімен, бұл жағдай тарихи нысанның қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар мен алаңдаушылық туғызды.
Эйфель мұнарасының операторы күзет қызметін көрсететін компанияға ресми шағым түсірген. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр.