Жаңалықтар

Қазақтың дерегі қайда кетіп жатыр? Депутат ЖИ министрінен нақты жауап сұрады

Қазақстанда онлайн алаяқтықтан зардап шеккендердің қатары көбейіп келеді. Мәжіліс депутаты Абуталип Мұтали цифрлық қауіпсіздік саласындағы жағдайға алаңдап, Үкіметтен жедел шара қабылдауды талап етті.

«Amanat» партиясы фракциясының депутаты Абуталип Мұтали Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиге ресми депутаттық сауал жолдады. Ол азаматтардың жеке деректерінің қорғалмауы мен интернет-алаяқтықтың үдей түсуін мәселе ретінде көтерді.

Депутат соңғы жылдары банк карталарынан заңсыз ақша алу, онлайн несие рәсімдеу, деректерді заңсыз сату секілді қылмыстардың жиілегенін атап өтті.

— Қарапайым азаматтардың жеке ақпараты ашық саудаға түскендей. Бұл – мемлекеттің қауіпсіздігіне төнген нақты қауіп. Тез арада шынайы қорғаныс тетіктерін іске қосу керек, — деді депутат.

Ол Үкіметті киберқауіпсіздік саласын күшейтіп, халықтың деректерін қорғауға бағытталған нақты шараларды тездетіп қабылдауға үндеді.