Sportroom

Қазақ волейболшылары Манамада жеңіске жетті

Бахрейннің Манама қаласында өткен III жасөспірімдер Азия ойындарында қазақстандық жағажай волейболы құрамасы сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды newsroom.kz Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне сілтеме жасап.

Біздің спортшылар ел қоржынына бір алтын және бір қола медаль салды.

Ерлер құрамасы финалда Таиланд командасын 2:0 есебімен жеңіп, Азия чемпионы атанды. Команда құрамында Алихан Ағабек пен Оразалы Сағыныш өнер көрсетті.

Қыздар құрамасы Малайзия командасымен өткен тартысты матчта 2:1 (19:21, 22:20, 15:12) есебімен басым түсіп, қола медаль иеленді. Команда құрамында Гаяна Галаш пен Мерей Қожахмет болды.

Жалпы есепте Қазақстан спортшыларының еншісінде 42 медаль бар: 11 алтын, 10 күміс және 21 қола. Бұл — жас қазақстандықтардың Азия спортында лайықты деңгейде өнер көрсетіп жатқанын дәлелдейді.