Әлем

92 жастағы Камерун президенті сегізінші мерзімге қайта сайланды

Дүниежүзіндегі ең қарт мемлекет басшысы саналатын Поль Бийя 92 жасында тағы да жеңіске жетті. 43 жыл бойы билікте отырған Камерун президенті елді енді жүз жасқа дейін басқаруы мүмкін.

Камерунда өткен президенттік сайлау көпшілік үшін күтпеген жаңалық болған жоқ.Басты қарсыласының жарыстан шеттетілуі мен оппозицияның бытыраңқылығы Бийяның жеңісін алдын ала айқындап қойғандай еді.

Ресми мәлімет бойынша, ол 53,66% дауыс жинап, кезекті – сегізінші мерзіміне өтті.

1982 жылдан бері биліктен түспеген Поль Бийяның есімі Камерунда бір мезетте тұрақтылықтың да, тоқыраудың да символына айналған. Қазір ел халқының 60 пайыздан астамы – 25 жасқа толмаған жастар. Демек, олардың ешқайсысы өз өмірінде басқа президентті көрмеген.

Оппозиция сайлау нәтижесін бұрмалау мен заңбұзушылықтар болды деп мәлімдеді. Алайда ресми органдар сайлаудың заңды өткенін айтып отыр. Халық арасында әлеуметтік наразылық күшейіп келеді.

Бағаның өсуі, жемқорлық, әлсіз әлеуметтік қызметтер мен жұмыссыздық – елдің басты мәселесіне айналған.

Халықаралық көші-қон ұйымының дерегінше, 15 пен 35 жас аралығындағы жастардың 40 пайызы жұмыссыз, ал жоғары оқу орнын бітіргендердің төрттен бірі тұрақты жұмыс таба алмай отыр.

Айта кетерлігі, Поль Бийядан кейінгі ең жасы үлкен қазіргі президент – Палестина басшысы Махмуд Аббас (89 жаста).

Ал тарихтағы ең ұзақ жасаған президент ретінде Малавидің бұрынғы жетекшісі Хастингс Камузу Банда аталады. Ол 96 жасында биліктен кеткен.

Поль Бийя болса, бұл рекордқа жақындай түскен секілді.