Әлем

Түркияда 6,1 балдық жер сілкінісі болды

Түнгі уақытта Түркияның Батысындағы Балыкесір облысының Сындыргы ауданында 6,1 балдық жер сілкінісі тіркелді. Үш ғимарат пен бір дүкен қирағанымен, адам шығыны жоқ. Құтқарушылар мен мамандар оқиға орнында жұмыс істеуде.

27 қазан күні жергілікті уақытпен сағат 22:48-де Түркияның Балыкесір облысында қуаты 6,1 балға тең жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері шамамен 6 шақырым тереңдіктен тіркелген.

Елдің ішкі істер министрі Али Ерликаяның мәлімдеуінше, сілкініс кезінде үш ғимарат пен бір дүкен опырылып түскен. Абырой болғанда, олардың ішінде болған адамдар дер кезінде эвакуацияланып, зардап шеккендер жоқ.

Президент Режеп Тайып Ердоған да табиғи апаттың салдарын жеке бақылауға алғанын айтып, сілкініс көрші аймақтарда да сезілгенін жеткізді.

Қазіргі уақытта аймаққа құтқару және инженерлік қызметтер жұмылдырылып, тұрғын үйлер мен нысандардың қауіпсіздігі тексеріліп жатыр.

Балыкесір өңірі сейсмикалық белсенді аймақтардың бірі болғандықтан, билік тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге шақырды.