Ауған соғысының сабақтары: жаһандық қауіпсіздік пен бейбіт бастамалар
Ауған соғысының сабақтары: жаһандық қауіпсіздік пен бейбіт бастамалар
Ауған соғысы — тарихтың күрделі беттерінің бірі. Ол соғыстың зардабын көрген мыңдаған қазақстандық жауынгердің өмірінде терең із қалдырды. Бүгінгі таңда олардың тәжірибесі мен бейбітшілікке деген көзқарасы елдің сыртқы саяси ұстанымында да көрініс табады.
«Соғыс бізге бейбіт өмірдің құнын үйретті. Әскери қақтығыстар ешқашан шешім болмайды. Сол себепті Қазақстанның бітімгершілік миссияларға белсене қатысуы – өте маңызды қадам. Біздің әскерилер мен дипломаттар қақтығыстарды шешуде үлкен тәжірибе жинап келеді», – дейді Ауған соғысының ардагері Әлішер Кулов.
Қазақстан соңғы жылдары БҰҰ қамқорлығындағы бейбітшілік орнату операцияларына қатысып, Судан, Ливан, Батыс Сахара сияқты аймақтарда тұрақтылық орнатуға үлес қосуда. Бұл – елдің бейбіт миссияны өз мойнына алуға дайын екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Ауғанстанмен өзара экономикалық және гуманитарлық байланыстарды нығайтып, елдің қайта құрылуына нақты көмек көрсетіп келеді. Бұл — біздің елдің бейбітшілікке бағытталған сыртқы саясатының нақты көрінісі.