Қазақы тазылар Алматыда "бас қоспақ"
Еліміздің оңтүстік астанасында ұлттық ит тұқымына арналған күздің басты кинологиялық іс-шаралары өтеді, - деп хабарлайды newsroom.kz
Биыл 25–26 қазан күндері еліміздің оңтүстік астанасында ұлттық ит тұқымына арналған күздің басты кинологиялық іс-шаралары өтеді — «Қазақы тазы» моно тұқымды иттер көрмесі және «Қазақстан кинологтар одағы Кубогы» ұлттық дәрежедегі көрмесі. Ұйымдастырушысы — «Қазақстан кинологтар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі.
Көрме қазақ халқының ежелгі аңшылық тұқымы — қазақы тазыға арналады.
Рингтерде тұқымның әр санатындағы ең таңдаулы иттер көрсетіледі. Бағдарламаның басты мақсаты – тазы тұқымының асылдандыру сапасын бағалау. Көрмеде тұқым стандартына сай экстерьер сипаттамасы беріліп, ең үздік тазы таңдалады, жас және ардагер иттер арасында салыстырмалы рингтер өтеді. Көрмеге еліміздің әр аймағынан питомниктер мен тазы өсірушілер шақырылады. ҚКО Кубогына қатысу қазақы тазы иелеріне ұлттық марапаттарға ие болуға, өз иттерін басқа тұқымдармен салыстыруға және тазыны кең жұртшылыққа көрсетуге мүмкіндік туғызады.Бағалауды ұлттық және халықаралық санаттағы қазақстандық төрешілер жүргізеді. Көрмеге жетекші питомниктер мен қазақы тазы тұқымының кең өкілдігі қатысады деп күтілуде.
Іс-шаралардың мақсаты — қазақы тазы тұқымын дамыту мен жетілдіру, асылдандыру мәдениетін нығайту және Қазақстанда жауапты ит өсіру ісін насихаттау.