Тарих

Егемендік таңы. 1990 жылғы баспасөз не жазды?

1990 жылдың 25 қазаны — Қазақстан тарихындағы тағдырлы белес. Сол күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны қабылдады. Бұл құжат елдің саяси, экономикалық, құқықтық дербестігін айқындаған алғашқы ресми акт еді.

Осы тарихи жаңалық ертеңінде-ақ жұртқа сүйіншілей жарияланды.
26 қазанда шыққан «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Egemen Qazaqstan) газетінің №247 (19722) саны «Егемендігің құтты болсын, елім!» деген үлкен айдармен шықты. Бұл — баспасөздің халықпен бірге рухтанғанының айқын белгісі.

Газет бірінші бетінде Қазақ ССР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік билік реформасы туралы баяндамасы оқылғаны және Декларацияның баптары жеке-жеке дауыс беру арқылы қабылданғаны жазылды.

Сол нөмірде жарияланған «Егемендік ел үміті еді» мақаласын парламент тілшілері Г. Еңсепова мен Ә. Әлібеков жазған. Олар депутаттардың пікірін тірі сөзбен жеткізген:

  • Сұлтан Сартаев, комиссия мүшесі:
    «Ұлттық мемлекет құқықтық мемлекетке қайшы келмейді. Қазақ деген сөзден қорқудың қажеті жоқ»
  • Алтыншаш Жағанова:
    «Декларация — тек қазақ ұлтының емес, Қазақстанда мекендеген барлық халықтың мүддесі»
  • Қадыр Мырзалиев:
    «Егемендік егеспен келмейді. Ол — ынтымақпен келеді»

Бұл пікірлер сол күнгі тарихи жауапкершілік пен рух биіктігін көрсетеді.

Сондай-ақ, Қадыр Мырзалиев газеттегі пікірінде "1990 жылдың 25 қазан күнгі 18 сағат 55 минөтті есімізге сақтайық. Қазақстан парламенті осы сәтте республика көп ұлтты халқының мүддесіне қызмет ететін егемендік туралы тарихи Декларацияны қабылдады!" деген.

 Ұлт болашағына бағытталған құжат

Газет материалдарында Декларацияның маңызы былай түсіндіріледі:

  •  республиканың жері мен қазба байлықтары — халық меншігі
  •  сыртқы саясатты өз бетінше жүргізу құқығы
  •  экономикалық дербестікке ұмтылыс
  •  қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі

Саяси еркіндік туралы арман енді заң жүзінде бекіді.

«Казахстанская правда»: Декларация — тарихи құжат

28 қазандағы «Казахстанская правда» нөмірі де осы тақырыпқа кең тоқталған. «Документ исключительной важности» мақаласында құжаттың әр бабына саяси-құқықтық түсіндірме берілген.

Басылым Декларацияны:

«Қазақстан халқының өз тағдырын өзі айқындау құқығын танитын саяси акт» деп бағалаған.

Газет бетіндегі риторикадан-ақ елдің жаңа дәуірге аяқ басқанын сезінуге болады:
тәуелділік реңкі азайып, өзіндік үн айқындала бастаған.

Сол күндердің энтузиазмы — бүгінгі мерекенің негізі

Халық арасында қаншама пікірталас болды:
балама жобалар, өзгертулер, күндіз-түні жұмыс істеген комиссиялар…

Бірақ тарихи сәтте Қазақстан депутаттары бір мақсатта тоғысты: егемен ел болу!

25 қазанның мәні — баспасөз куәсі

2009 жылдан бері 25 қазан ресми түрде Республика күні ретінде аталады.
Бұл — сол баспасөз беттерінде таңбаланған үміттің ақталғанының дәлелі.

Қолда газет нөмірлері қалды:
соларды парақтау — тәуелсіздікке апарған жолдың әр қадамын қайта сезіну.