Екі кішкентай қыз зорланған: прокуратура БҚО билігін кінәлап отыр
Батыс Қазақстан облысында екі баланың зорлану фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Прокуратура жергілікті билік пен полицияның жауапсыз әрекеті бұл қылмыстарға жол бергенін мәлімдеді.
Аймақ прокурорының орынбасары Азамат Құстановтың айтуынша, екі оқиға Тасқала мен Орал қаласында бір айдың ішінде болған. Тамыз айында Тасқалада 6 жастағы қызды отбасына таныс ер адам алдап алып кеткен. Бала ертесі күні ес-түссіз күйде елді мекен шетінен табылған. Дәрігерлер ауыр жарақат пен зорлық белгілерін анықтаған.
Қыркүйек айының соңында Оралда 10 жастағы оқушы үйіне қайтып келе жатқанда шабуылға ұшыраған. Ер адам оны арқанмен буындырып, зорламақ болған. Екі күдікті де ұсталды.
Азамат Құстановтың сөзінше, мұндай қайғылы оқиғалар полиция мен жергілікті әкімдік өз міндетін дұрыс атқарғанда болмас еді. Тасқаладағы учаскелік полиция қызметкері күдіктінің бұған дейінгі мінез-құлқынан хабардар болғанымен, шара қолданбаған. Ал Орал әкімдігі №20 мектеп жанындағы қараңғы, қауіпті жолды жарықтандыру мен қауіпсіз ету туралы ата-аналардың өтінішін елемеген.
Тек шабуылдан кейін ғана жол тазартып, жарық орнатылып, патруль қою басталған.
Прокуратура бұл факті бойынша қызметтік тергеу жүргізуді және салғырттық танытқан полицейлер мен шенеуніктерді жауапқа тартуды талап етті.