Батыс Қазақстанда белгісіз дрон жарылды. Тұрғындар аман ба?
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында таңертең белгісіз ұшқышсыз құрылғы жарылып, жергілікті жұртты шошытты. Оқиға Қызылтал ауылының маңында болған. Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың дүмпуінен үйлердің қабырғалары шайқалып, кейбір шатырлар көтеріліп кете жаздаған.
Жарылыс болған жерде терең шұңқыр пайда болған. Қазір ол маңда аудан әкімдігі, төтенше жағдай қызметі және полиция өкілдері жұмыс істеп жатыр.
Полиция департаменті дрон қалдықтарының табылғанын растады.
«Бөрлі ауданы аумағынан ұшқышсыз құрылғының сынықтарына ұқсас заттар табылды. Бұл факті бойынша тексеру жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», — делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы Ресейдің Орынбор облысымен шектеседі. Бүгін сол жақта әуе дабылы жарияланғаны туралы ақпарат тараған.