АҚШ Ресейдің мұнай алпауыттарына санкция енгізді — мұнай бағасы қымбаттады
Вашингтон «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларына санкция жариялап, Мәскеуді Украинадағы соғысты тоқтатуға ниеті жоқ деп айыптады. Бұл туралы newsroom.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлады. Осыдан кейін мұнай бағасы барреліне екі доллардан астам өсті.
АҚШ Қаржы министрлігі Ресейдің ең ірі екі мұнай компаниясына — «Роснефть» пен «Лукойлға» қарсы шектеу шараларын енгізді. Министрліктің мәліметінше, санкцияның басты мақсаты — Мәскеудің соғысты қаржыландыру мүмкіндігін азайту.
Бұл шешім Ресейдің ядролық жаттығуларынан кейін қабылданды және сарапшылардың айтуынша, Ақ үй саясатының қатаң бағытқа өзгергенін білдіреді. Бұған дейін Дональд Трамп әкімшілігі Мәскеуге қатысты жұмсақ ұстанымда болған еді.
Еуропалық одақ та Ресейге қарсы 19-пакет санкцияны бекітті. Оған ресейлік сұйытылған газды импорттауға тыйым салу кіреді. Санкциялар жарияланғаннан кейін Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 2 доллардан астам көтерілді.
Дональд Трамп бұл шаралар ресейліктерге қарсы емес, соғысты жалғастырып отырған билікке бағытталғанын атап өтті. Ол сондай-ақ алдағы аптада Оңтүстік Кореяда өтетін кездесуде Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Путинге ықпал етуін қалайтынын айтты.