12 жастағы қыздың зорлануы бойынша іс тоқтатылды
«НеМолчи.kz» қоры Ақмола облысында 12 жастағы қыз баланың зорлық-зомбылыққа ұшырауы туралы істің тоқтатылғанын хабарлады. Ұйым дерегінше, күдіктілердің екеуі де 56 жаста, олардың бірі — бұрын полицияда қызмет еткен.
Қордың хабарлауынша, 2024 жылдың жазында ер адам базарда балмұздақ сатып жүрген қызбен танысып, оған ақша беріп, электронды темекі алып беріп жүрген. Кейін бірнеше рет зорлық әрекеттері болған.
Кейін ер адам бұл туралы көршісіне айтып, ол да қызға күш көрсеткен. Оқиға әпкесі телефоннан интим сипаттағы хаттарды байқап қалғанда әшкере болған.
«НеМолчи.kz» мәліметінше, қыз баланың психологиялық жағдайы ауыр — ол өзін кінәлі сезінеді, бірнеше рет тергеуде жауап берген. Отбасы күдіктілер тарапынан қысым көріп, оларға ақша ұсынғанын айтқан.
Бір күдіктіге қатысты іс тоқтатылған, ал екіншісінің әрекеті Қылмыстық кодекстің 122-бабынан 121-1-бабына («Жыныстық сипаттағы әрекеттер») ауыстырылған. Бұл бап жеңілірек жаза көздейді — айыппұл немесе 50 тәулікке дейін қамау.
Іс 2025 жылдың наурыз айынан бері Бурабай аудандық полициясында тіркелген. Қор өкілдері тергеудің созылып жатқанын айтады.
Қыздың ата-анасы мен адвокат шілде айында Ақмола облысының прокурорымен кездесіп, істі сотқа жеткізуге уәде алған. Алайда әзірге нақты нәтиже жоқ.
Редакция бұл оқиға бойынша тергеудің қазіргі барысы мен істің тоқтатылу себептеріне қатысты түсініктеме алу үшін Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады.