2026 жылы Қазақстан экономикасын не күтіп тұр — Үкімет болжамы
Қазақстан Үкіметі алдағы үш жылға арналған негізгі экономикалық болжамды жариялады. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, ел экономикасының өсу қарқыны тұрақты сақталып, бірқатар салаларда айтарлықтай өсім күтілуде, деп хабарлайды newsroom.kz.
Министрдің мәліметінше, өңдеу өнеркәсібі саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен өсім қарқыны 2026 жылғы 6,2%-дан 2028 жылы 6,6%-ға дейін ұлғаяды деп болжанып отыр.
«Үш жылдағы орташа өсім тау-кен өнеркәсібінде – 2,8%, ауыл шаруашылығында – 3,9%, құрылыста – 11%, көлік қызметтерінде – 10,1%, саудада – 6,7% деңгейінде болады деп күтілуде.
Экспорт көлемі 2026 жылғы 77,1 млрд доллардан 2028 жылы 83,7 млрд долларға дейін, ал импорт 67,7 млрд доллардан 75,2 млрд долларға дейін өседі», — деді Серік Жұманғарин.
Бұдан бөлек, Үкімет инфляция деңгейін төмендету бойынша нақты мақсат қойған. 2026 жылы инфляция 9–11%, ал 2027–2028 жылдары орта есеппен 6% шамасында болады деп болжанып отыр.
Жұманғариннің айтуынша, осы макроэкономикалық болжамдар негізінде 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет пен Ұлттық қор параметрлері қалыптастырылған.