Жаңалықтар

4 ай болды:Оңтүстік Кореяда 10 жасар бала әкесімен әуежайда тұрып жатыр

Мали Республикасынан келген ер адам мен оның 10 жастағы ұлы Оңтүстік Кореядағы Инчхон халықаралық әуежайының күту изоляторында төрт айдан бері өмір сүріп жатыр,- деп хабарлайды newsroom.kz

Заңгерлік ұйым Duroo мен Кореядағы босқындар құқығын қорғау желісінің мәліметінше, баланың босқын мәртебесін алу туралы өтініші иммиграциялық билік тарапынан қабылданбай, кері қайтарылған.

Бала әкесімен бірге биыл маусым айында Малиде күшейіп келе жатқан қуғын-сүргіннен қашып, Оңтүстік Кореяға келген. Алайда билік олардың ісін «қарауға қабылданбады» деп шешкен. Бұл – өтінішті толық қарау рәсімін бастамай-ақ, жеткілікті дәлелдер жоқ деп саналған өтініштерді бірден қабылдамауға мүмкіндік беретін заңдық тетік.

Босқын мәртебесін беруден бас тартылған соң, отбасы еліне оралудан бас тартып, апелляция түсірген. Осы уақыттан бері олар әуежай аумағында қалып отыр.

Адам құқықтарын қорғаушылардың айтуынша, әке мен бала күн сәулесінсіз, тиісті медициналық көмексіз өмір сүруде. Оларға киім мен жеке гигиена құралдарын коммерциялық емес ұйымдар жеткізіп тұрады, ал медициналық көмек тек әуежайдағы емханаға барумен шектелген.