Маңғыстауда екі адам екпеден кейін көз жұмды
Маңғыстау облысында екпе салдырған екі тұрғын көз жұмды. Екеуі де жеке меншік процедуралық кабинеттерге барған.
Облыстық медициналық бақылау департаментінің басшысы Нұрсулу Мұхамбетярова Lada.kz сайтына берген мәліметінде соңғы он айда осындай 41 анафилаксия жағдайы тіркелгенін айтты. Оның екеуі өліммен аяқталған.
Бір оқиға Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылында болған. Ер адам дәріханадан антибиотик сатып алып, сол жердегі кабинет қызметін пайдаланған. Екпеден кейін жағдайы күрт нашарлап, жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер келгенше науқас көз жұмған.
Тексеру нәтижесінде кабинет лицензиясыз жұмыс істегені анықталды. Екпе дәрігердің тағайындауынсыз, аллергия сынамасыз салынған. Препараттар сақтау ережесін бұза отырып сақталған, ал қызмет көрсеткен медбике бес жыл бойы біліктілік арттырудан өтпеген. Материалдар полицияға жолданып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Қыркүйек айында Ақтауда 46 жеке кабинет анықталған. Олардың алтауы айыппұл төлеген, 12-сі өз еркімен жұмысын тоқтатқан.
Мұхамбетярова еске салды: заң бойынша мұндай кабинеттер тек емханалардың құрамында ғана жұмыс істей алады. Ал жеке, дербес ашылған орындар заңсыз саналады.