Мәдениет

Қазақстандық кино әлемдік экрандарды бағындыруда

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық кинематографияны дамыту мен оны халықаралық деңгейде таныту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда.

Соңғы жылдары қазақстандық фильмдер 300-ден астам шетелдік кинофестивальдерге қатысып, 177 марапатқа ие болды. 2020–2025 жылдары Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы түрлі бағыттағы 119 жобаны жүзеге асырды.

Соңғы екі жыл ішінде үш рет питчинг (инвесторларға арналған киножобалардың визуалды таныстырылымы) өткізіліп, нәтижесінде 57 жобаның 40-ы жас режиссерлер мен сценаристердің қатысуымен іске асуда.

2024 жылы киножобалар конкурсына қатысу ережелері қайта қаралып, іріктеу үдерісі айқын әрі ашық форматта өтті. Басым тақырыптар нақтыланып, сценарий дайындау мерзімі қысқартылды. Құжаттар электронды түрде қабылданып, сарапшылардың дауыс беру жүйесі жаңартылды. Бұл жаңашылдықтар қазақ тіліндегі сценарийлер үлесін 75%-ға дейін арттырып, отандық режиссерлердің белсенділігін күшейтті.

Мемлекеттік қолдауға ие болған «Qaitadan» фильмі прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс жинап, ұлттық кино саласындағы маңызды жетістікке айналды. Бұл жоба мемлекет салған инвестицияны бес еселеп қайтарып, қолдау тетіктерінің тиімділігін дәлелдеді.

2025 жылы жаңа дарынды актерлерді, әсіресе өңірлік таланттарды анықтау мақсатында «JARQYRA» республикалық кастингі іске қосылды. Бұл бастама жас әртістерге өз мүмкіндіктерін көрсетуге және ұлттық киноиндустрияға қосылуға жол ашты.

«Қазақ киносының онкүндігі» аясында отандық фильмдер Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында көрсетілді.

Қазір қазақстандық фильмдерді тек кинотеатрдан ғана емес, онлайн платформалардан да көруге болады. Мәселен, «Кинопоиск» сервисімен бірлесіп, 17 отандық фильмнен тұратын арнайы топтама жасалды. Оған «Патриоттар уақыты», «Каникулы off-line 2», «Дос-Мұқасан», «Қажымұқан» және басқа да танымал туындылар енді. Бұл бастама ұлттық киноның көрерменге жақындай түсуіне жол ашты.

Соңғы жылдары қазақстандық кинематография халықаралық деңгейде тұрақты түрде танылып келеді. 30 жыл ішінде алғаш рет еліміз Канн кинофестиваліндегі ірі Marché du Film кинонарығына қатысып, KazakhCinema ұлттық стенді арқылы отандық жобаларды таныстырды.

Сонымен қатар, Канн қаласында Франция және Грузия ұлттық киноорталықтарымен ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Ал Ақтауда Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанның кино ұйымдарымен әріптестік келісімдер жасалды.

Халықаралық деңгейде Қазақстан Локарно және Пусан кинофестивальдерінде көрсетілген «Сказка о морских псах» деректі фильмі мен «Победителей видно на старте» бірлескен жобасымен де көзге түсті.

Қазақ киносы бүгінде жаңа кезеңге қадам басып, әлемдік экрандарда өз орнын нықтай түсуде.