Қытай 6 жастағы баладай ойлайтын жасанды интеллектіні таныстырды
Пекинде өткен Zhongguancun 2025 форумында Қытайдың жасанды жалпы интеллект (AGI) жүйесі — TongTong 2.0 таныстырылды. Жаңа буын AI эмоция көрсетіп, диалог жүргізіп, тіпті балаша қылық таныта алады.
Жобаны Бейжің жасанды жалпы интеллект институты (BIGAI) әзірлеген. TongTong 2.0 когнитивтік қабілеттері бойынша 5–6 жастағы баламен теңестіріледі. Бұл — алғашқы нұсқамен салыстырғанда үлкен жетістік, себебі бұрынғы модельдің интеллект деңгейі 2–3 жас шамасында болған.
Жүйе диалог құрып, өз әрекеттерін түсіндіріп, кейде тіпті тапсырманы орындамас бұрын «сыйақы» сұрай алады. Сондай-ақ TongTong өз «құндылық жүйесі» арқылы тәртіп сақтап, ойыншықтарын жинап немесе беткі дақтарды сүрту сияқты әрекеттерді өздігінен орындайды.
TongTong 2.0-дің басты артықшылығы — бейімделу қабілеті. Ол айналасындағы жағдай өзгерсе, тапсырмаларды тоқтатып, қайта жоспарлап немесе түзете алады. AI жаңа білімді тек офлайн емес, адамдармен шынайы қарым-қатынас арқылы да меңгереді.
Мамандардың пікірінше, TongTong 2.0 — жасанды интеллект эволюциясындағы жаңа белес. Қытайдың бұл жетістігі болашақта адамдар мен AI арасындағы өзара түсіністік пен серіктестік дәуірінің басталуын білдіреді.