Астанада лицензиясыз емханада жасалған ота қайғылы аяқталды
Астанада 59 жастағы Ақтау тұрғыны мұрын пердесін түзетуге арналған жоспарлы отадан кейін қайтыс болды. Бұл туралы newsroom.kz порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 2025 жылдың 3 маусымында болған. Әйелге тыныс алуы қиындағандықтан септоринопластика отасы жасалған. Ұлының айтуынша, бұл операцияны дәл сол дәрігер жүргізген, ол бұған дейін риносептопластикадан кейін алты ай комада жатқан 22 жастағы қызға да ота жасаған.
Марқұмның туыстары дәрігерді кәсіби міндетін тиісті деңгейде орындамады деп, қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етуде.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, операция жасалған Medina Plastic Surgery клиникасы сол кезде медициналық қызмет көрсетуге арналған лицензияға ие болмаған. Құжат тек 17 маусымда, яғни әйел қайтыс болғаннан кейін берілген.
Министрліктің комитеті 28 тамызда клиниканың лицензиясын кері қайтарып, материалдарды Астана полиция департаментіне жолдаған.