Air China ұшағында батарея жанып кетті: ұшақ шұғыл қонған
Қытайдың Air China әуе компаниясына тиесілі ұшақта литий батареясы отқа оранып, әуе кемесі шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды newsroom.kz Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға сенбі таңертең Ханчжоу – Сеул бағытындағы рейс кезінде болған. Ұшақтың жүк салғышындағы қол жүгінен өрт шыққан, себебі жолаушылардың бірінің сөмкесінде жатқан литий батареясы тұтанып кеткен.
Пилоттар мен бортсеріктер өртті әуеде өздері сөндіргенімен, қауіпсіздік мақсатында ұшақ Шанхайдағы Пудун халықаралық әуежайына шұғыл қонған.
Агенттік мәліметінше, ешкім зардап шеккен жоқ. Ал жолаушылар кейін басқа ұшақпен Сеулге жөнелтілген.
Айта кетейік, бұған дейін тамыз айында түркиялық Pegasus Airlines әуе компаниясы осындай оқиғадан кейін ұшақ бортында пауэрбэнк қолдануға тыйым салған еді. Ол кезде Стамбул – Сеул бағытындағы рейс Қазақстан үстінде ұшып бара жатқанда, зарядтау құрылғысы қызып, ұшақ Түркияға кері қайтарылған. Кейін Turkish Airlines те осындай шешім қабылдаған.