Орынбордағы жарылыс: Қазақстан газы тоқтап қалуы мүмкін бе?
19 қазанға қараған түні Ресейдің Орынбор және Самара облыстарында дрон шабуылының қаупі жарияланды. Әуежайларда ұшақтардың ұшып-қонуы уақытша тоқтатылды.
Самарада тағы да Новокуйбышев мұнай өңдеу зауыты өртенді. Жергілікті тұрғындар түсірген видеоларда кәсіпорын үстінде от пен қою түтіннің көтерілгені байқалады.
Ал Орынборда соққыдан кейін газ өңдеу зауыты отқа оранған. Куәгерлер бірнеше жарылыстың болғанын және аспанда түтін көрінгенін хабарлады. Облыс губернаторы цехтардың бірінде өрт шыққанын растады. Оның айтуынша, зардап шеккендер жоқ, қалаға қауіп төнбейді.
Алайда Орынбор газ өңдеу зауытына (ГӨЗ) келген зақым Қазақстан үшін де маңызды болуы мүмкін. Себебі қазір Қарашығанақ кен орнынан өндірілетін 9 миллиард текше метрге дейінгі газ осы зауытта өңделіп, кейін елдің ішкі нарығына жеткізіледі.
Биыл шілдеде Энергетика министрлігі Қарашығанақтағы ГӨЗ жобасы жабылғанын хабарлаған болатын. Себебі шетелдік серіктестер жобаның бір бөлігін мемлекет есебінен қаржыландыруды және газ мәселесі бойынша арбитражды тоқтатуды ұсынған. Үкімет бұл талаптарды қабылдамаған.
Қыркүйекте Eni, Shell, Chevron және “Лукойл” компаниялары Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салуды жалғастыратыны туралы ақпарат тараған.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Орынбор зауыты Қарашығанақтан келетін газды уақытша қабылдауды тоқтатты. Ресей тарапы зақымның сипаты мен қалпына келтіру мерзімін нақтылаған жоқ.
Министрлік Қазақстандағы газ жеткізу тұрақты, ішкі тұтынушыларға шектеусіз беріліп жатқанын хабарлады.
Энергетика министрлігі жағдайды бақылауда ұстап, Ресей тарапы және кен орны операторларымен байланыс орнатқан.