Цифрландырудың басты негізі – сапалы интернет
Түркістан облысындағы цифрландыруды дамыту шаралары бойынша деректерді назарға ұсынамыз,- деп хабарлайды newsroom.kz
Инфрақұрылым және интернетпен қамту
Цифрландырудың басты негізі – сапалы интернет пен байланыс желісі. Түркістан облысы осы бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінгі таңда халықтың 92,2 пайызы интернетке қосылған. Облыстағы 829 ауылдық елді мекеннің 690-ында 4G/3G желілері тұрақты жұмыс істейді. Алайда 100 ауылда әлі де 2G ғана бар, ал 39 елді мекенде байланыс мүлдем жоқ. Бұл мәселені шешу үшін арнайы жобалар іске қосылуда.
Жол бойындағы сапалы интернетті қамтамасыз ету мақсатында 650 шақырымнан астам республикалық маңызы бар жолдарға жаңа базалық станциялар орнатылмақ. Осы орайда «Кселл» АҚ-пен бірлесіп 14 жаңа станция салу жоспары бекітілді. Сонымен қатар Түркістан қаласының өзінде заманауи 5G желісі іске қосылып, ол «Түркістан Арена», «Конгресс Холл» секілді халық көп жиналатын орындарды толық қамтыды.
Бұл қадамдар ауыл тұрғындары үшін қашықтан оқу, онлайн-медицина, электронды қызметтерге қол жеткізу сияқты жаңа мүмкіндіктерді кеңейтті.
Білім беру саласын цифрландыру
Облыстағы білім ошақтары жаңа технологияларды белсенді түрде қолдануда. 910 мемлекеттік мектептің 99,9 пайызы интернетпен қамтылған. Оның ішінде шалғай ауылдардағы 330 мектепке Starlink жүйесі орнатылды. Бұл әсіресе таулы, қолжетімсіз аймақтардағы балалар үшін үлкен қолдау болды.
Сонымен бірге 458 мектепте заманауи ақпараттық бағдарламалық кешендер (АБК) енгізілді. Олар оқушылардың үлгерімін қадағалауға, электронды күнделік жүргізуге, ата-аналардың онлайн бақылауына мүмкіндік береді.
Балабақшалар да назардан тыс қалмайды. 264 балабақшада attendance жүйесі орнатылып, балалардың қатысуын камералар мен құрылғылар арқылы автоматты түрде бақылау мүмкіндігі пайда болды. Алдағы 2025 жылы 1119 жекеменшік балабақшаға «Сана» жүйесі енгізілмек.
Колледждерде де жаңа бастамалар бар. Қазіргі таңда 43 колледжде Face ID жүйесі іске қосылуда. Бұл оқу процесін бақылауды жеңілдетіп, білім алушылардың қауіпсіздігін арттырады.