Жаңалықтар

Ақтөбеде бес бала «анамызды күштеп психиатриялық ауруханаға жатқызды» деп видеоүндеу жасады

Ақтөбеде бес бала жылап тұрып, өз аналарының күштеп психиатриялық ауруханаға жатқызылғанын айтып, көмек сұрады, деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

Бейнеүндеуде балалар өздерін «Аял» балалар орталығында екенін айтады. Үлкені — Құралайдың сөзінше, бәрі үйге қатысты дау-дамайдан басталған.

«Бір күнде бәрі өзгерді. Тәтем анамды психиатриялық ауруханаға жатқызды, ал бізді балалар орталығына алып кетті. Үй сатылған кезде туыстар анамнан өз үлесінен бас тартуды талап етті. Кішілерді балалар үйіне жіберуі мүмкін. Әкеміз ішімдік ішеді, анамыз бізді жалғыз өзі бағып отырды. Бір күнде отбасымыз быт-шыт болды. Көмектесіңіздерші», — дейді қыз көзіне жас алып.

Құралайдың айтуынша, анасы туыстарының қысымына ұшыраған.

«Мен бәрін видеоға түсіріп үлгердім. Тәтем анамды бұрынғы күйеуіне қайта қосқысы келді. Көлікпен келіп, қорқытатын. Біз үйді сатудан бас тартқанда, үйге баса-көктеп кіріп, анамды ұрып-соқты. Кейін „пышақпен жүрген, бәрімізді ұрды“ деп жедел жәрдем шақырды. Сол күні анамды алып кетті. Тәтем полицияда істеген, күйеуі — майор. „Менімен ұрыспа, сені ауруханаға жаптырам“ деп жиі айтатын», — дейді ол.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, балалар биыл көктемнен бері орталықта болған. Ал аналары кейін психиатриялық есепте тұрған деген себеппен Алматыдағы республикалық психикалық денсаулық орталығына емге жіберілген.

«1986 жылы туған әйел психиатр есебінде тұр. Қазір Алматыдағы республикалық ғылыми-практикалық орталықта ем қабылдап жатыр», — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Балаларды қазір ерікті Асель Мұхан өз үйіне алған.

«Балалар тәтесінен қорқады, аналары үшін уайымдайды. Анасы тіршілік ету үшін таныстарынан ақша жинаған. Бірақ туыстары оны ауруханаға түскеннен кейін де мазасын алмай отыр», — дейді волонтёр.

Білім басқармасының дерегінше, ата-аналары 2021 жылы ажырасқан. Әкелері ішімдікке салынған, ал әйелдің жеке баспанасы жоқ.

Балалардың анасы қазір Алматыда дәрігерлік тексеруден өтіп жатыр. Бұл туралы Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева растады.