19 жастағы қазақ футболшысы матч кезінде қайтыс болды
Алматыда өткен Бірінші лига матчы кезінде «Хан-Тәңірі» командасының 19 жастағы шабуылшысы Диас Төлеу көз жұмды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Қайғылы оқиға «Хан-Тәңірі» мен «Екібастұз» арасындағы кездесуде болған. Ойын барысында футболшы кенеттен есінен танып қалған.
Дәрігерлер жедел көмек көрсеткенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Қазақстан футбол федерациясы ресми мәлімдеме жасап, марқұмның отбасы мен командасына көңіл айтты.
«Қазақстан футбол федерациясы „Хан-Тәңірі“ клубының шабуылшысы Диас Төлеудің мезгілсіз қазасы туралы хабарды зор күйзеліспен қабыл алды. Қайғысына ортақтасып, марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», — делінген хабарламада.
Диас Төлеу — алматылық «Қайрат» клубының түлегі. Биылғы маусымда ол «Хан-Тәңірі» сапында 25 матчқа қатысып, үш гол соққан болатын.