Бұған дейін ҚМА 37-ден астам блогерге қатысты материалдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға жолдаған еді. Сенаттағы брифинг кезінде журналистер агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтен Жанабыловтардың ісі неге сотқа дейін жеткенін сұрады.
Елемесовтің айтуынша, бәрі тараптардың ұстанымына байланысты. Егер азамат әкімшілік жазаға келіспей, сотқа өтініш білдірсе іс уәкілетті органда емес, сотта қаралады.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте нақты көрсетілген: егер тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылуға келіспей, тиісті өтініш білдірсе, онда істі уәкілетті орган емес, сот қарайды», — деп түсіндірді ол.
Қаржы мониторингі агенттігі бүгін блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты Қылмыстық кодекстің 214-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Анықтама: ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабының 1-бөлігі уәкілетті органда тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысқандарға жауапкершілік жүктейді. Жаза түрлері — 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, не екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру. Сонымен қатар, мүлікті тәркілеу де қарастырылған.