Қазақстан – әлемдегі ең жомарт 30 елдің қатарында
Қазақстан халқының жомарттығы жөнінен әлем елдері арасындағы рейтингте 30-орынға ие болды. Бұл жөнінде халықаралық Charities Aid Foundation (CAF) ұйымының World Giving Report – 2025 баяндамасында айтылған, деп хабарлайды newsroom.kz
Зерттеу дерегінше, қазақстандықтар табысының орта есеппен 1,2 пайызын қайырымдылыққа жұмсайды.
Айта кетерлігі, бұл көрсеткіш АҚШ, Ұлыбритания және Германия сияқты бірқатар дамыған елдерден жоғары.
Барлығы 101 мемлекет қамтылған зерттеуде негізгі өлшем – халық табысынан қайырымдылыққа бөлінетін үлес болған.
Баяндамаға сәйкес, ең жомарт елдер – табысы ортадан төмен мемлекеттер. Рейтинг көшін Нигерия (2,8%), Мысыр (2,5%), Гана (2,2%), Уганда (2%) және Қытай (2,2%) бастады.
Салыстырмалы түрде алғанда, Германия тізімнің соңғы жағында – ондағы тұрғындар табысының небары 0,4 пайызын ғана қайырымдылыққа бөледі. Ал жалақы деңгейі ең жоғары Швейцария 76-орынға тұрақтаған (0,7%).