13 жастағы қазақстандық шахматтан екінші рет әлем чемпионы атанды
Қазақстан шахмат федерациясының хабарлауынша, Марк Смирнов 2025 жылы Албанияның Дуррес қаласында өткен World Youth Chess Championships жарысында жеңімпаз атанды.
Өткен жылы ол 12 жасқа дейінгілер арасында (U12) алтын жүлде иеленген болатын. Биыл 14 жасқа дейінгілер тобына (U14) қатысып, тағы да қарсыластарынан басым түсті. Соңғы тур алдында қазақстандық спортшы рейтингтік фаворит саналатын қытайлық Цзян Хаочэннен жарты ұпай алда тұрған.
Шешуші ойында Марк тек жеңіске ойнап, поляк қарсыласы Петр Бжезинаны 34-ші жүрісте берілуге мәжбүр етті.
— Осылайша Марк Смирнов екінші дүркін әлем чемпионы атанды және халықаралық мастер нормасын екінші рет орындады, — делінген федерация хабарламасында.
Айта кетейік, бұл жарыс Қазақстан шахматшыларының тарихтағы ең сәтті нәтижелерінің бірі болды. Албаниядан барлығы үш медаль әкелінді: екі алтын және бір күміс. Марктан бөлек, алтын жүлдені Эдгар Мамедов жеңіп алса, күміс медаль Саует Нұрғалиевтің еншісінде.