Әлем

58 сарбаздың өлімімен аяқталған соғыс: Ауғанстан мен Пәкістан арасында не болып жатыр?

Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы шекарада қарулы қақтығыс болып, ондаған сарбаз мерт болды.

Қақтығыстан кейін екі ел шекарасын уақытша жапқан.

Reuters агенттігінің дерегінше, Ауғанстан тарапы 58 пәкістандық сарбаздың қаза тапқанын мәлімдеді. Пәкістан билігі де шығын бар екенін растап, 23 әскери қызметкерінің көз жұмғанын хабарлаған. Сонымен қатар, Ауғанстан жағынан да бірнеше жауынгердің қаза болғаны белгілі.

Қақтығыс Пәкістанның ауған аумағына әуе соққысын жасауынан басталған. Бұған жауап ретінде ауған күштері шекара бекеттеріне шабуыл жасап, екі тарап бір-бірінің нысандарына соққы берген. Салдарынан Торхам мен Чаман шекара өткелдері уақытша жабылды.

Бұл — Талибан билікке келгеннен бері тіркелген ең ірі қақтығыстардың бірі. Сарапшылардың айтуынша, жағдай аймақтың тұрақтылығына қауіп төндіріп, сауда және гуманитарлық қатынастарға кері әсер етуі мүмкін.

Қазір атыс тоқтағанымен, екі ел арасындағы шиеленіс әлі де толық шешілген жоқ.