Аймақтар

Түркі елдері Қызылордада Қорқыт мұрасын ортақ рухани құндылық ретінде талқылады

Қызылордада «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі аясында «Қорқыт мұрасы: Түркі әлеміне ортақ эпикалық құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан келген белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері қатысты.

Аймақ басшысы өз сөзінде түркі елдері арасындағы бірлік пен рухани сабақтастықтың маңызын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты бауырлас елдердің ынтымағын күшейтіп, ортақ құндылықтарымызды дәріптеуге жол ашты. Ендігі міндет – осы бірлікті сақтап, өскелең ұрпаққа аманат ету», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Әкім Қорқыт атаның мұрасын зерттеу – өткенді тану ғана емес, болашаққа бағытталған рухани миссия екенін де айтты.

«Қорқыт ата – түбі бір түркі халықтарына ортақ рухани тұлға, ел бірлігі мен мәңгілік өмір идеясының символы. Оның даналығы мен мұрасы ғасырлар бойы ұлт жадында сақталып келеді. Қорқыт мұрасын зерделеу – түркі халықтарының мәдени тұтастығын нығайтуға зор үлес қосады», – деді аймақ басшысы.

Конференция барысында Ақтоты Райымқұлова, Хикмет Кулиев (Әзербайжан), Жылдыз Орозобекова(Қырғызстан), Мехмет Чевик (Түркия), Жоппор Эшонқұлов (Өзбекстан), сондай-ақ қазақстандық ғалымдар мен жыраулар – Алмас Алматов, Анарбай Бұлдыбай, Ұлжан Байбосынова, Рақыш Жұмашай баяндама жасап, Қорқыт феноменін түркі дүниесі тұрғысынан талқылады.

Айта кетейік, Қорқыт ата мұралары 2018 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізімінеенгізілген. Бүгінде Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалы туристердің жиі баратын рухани орнына айналды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына» арналған аллея жаңғыртылып, тұрғындардың демалыс аймағына айналған.

Өңірде тарихи мұраларды халықаралық деңгейде таныту бағытында Ұлттық музей, ТҮРКСОЙ және Түркияның Мәдениет және туризм министрлігімен бірлескен жобалар жүзеге асуда. Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер негізінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» секілді экспозициялар ғылыми айналымға енгізілді.