ШҚО тұрғыны монша жағамын деп қорасын өртеп жіберген
ШҚО тұрғыны монша жағамын деп қорасын өртеп жіберген
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғыны монша жағып жатқанда, абайсызда шыққан өрт қорасын шарпыды, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, демалыс күндері өңір бойынша 11 өрт оқиғасы тіркелген. «Риддерде пешті дұрыс пайдаланбау салдарынан моншада өрт шыққан. Тілсіз жау сол маңайдағы тұрғын үй мен қораға жайылып кетті.
Өрт сөндірушілер келіп жеткенше малын құтқаруға ұмтылған үй иесінің аяғын күйік шалған. Ол тек 2 сиырды сыртқа алып шығып үлгерді. Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері 106 шаршы метрге жайылған қызыл жалынды бір жарым сағатта ауыздықтады», - деп хабарлады ведомство өкілдері. Тағы 2 өрт Бородулиха ауданында орын алған. Оның бірі моншада пеш жаққан кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан болды.
Тілсіз жаудың жалпы аумағы – 12 шаршы метрді құраған. Ал Ивановка ауылында болған екінші оқиғада шаруашылық қора-жайлар, қоқыс пен шөп өртенді. Осы ретте, ТЖД өкілдері тұрғындарға барынша абай болып, өрт қауіпсіздігі ережесін бұзбау қажеттігін ескертеді.