Жаңалықтар

Шымкентте жас ана босанғаннан кейін көз жұмды

Шымкентте 28 жастағы Зарина Сұлтан есімді келіншек босанған соң қайтыс болды. Туыстарының айтуынша, оның өліміне қалалық №1 перинаталдық орталық дәрігерлерінің немқұрайлылығы себеп болған, деп хабарлайды newsroom.kz порталы orda.kz-ке сілтеме жасап.

Зарина 20 тамыз күні ұл баланы дүниеге әкелген. Алғашында бәрі жақсы өткен. Бірақ арада біраз уақыт өткен соң оның дене қызуы көтеріліп, дәрігерлер ине салған. Туыстарының сөзінше, сол сәттен кейін әйелдің жағдайын ешкім жіті қадағаламаған, нәтижесінде оның жүрегі үш рет тоқтап қалған.

— Дер кезінде алғашқы көмек көрсетілмеді. Адреналин салу керек еді. Сондай ауруханада мұны білмейді дегенге сену қиын, — дейді марқұмның анасы Нышангүл Төлеева.

Дәрігерлер бастапқыда сепсис болуы мүмкін деген, бірақ нақты себебін өздері түсіндіре алмаған. Кейін науқастың жатырын алып тастауға шешім қабылдаған.

— «Қоясыз ба, қоймайсыз ба, бәрібір алып тастаймыз. Біз Алматы мен Астанадағы дәрігерлермен Zoom арқылы кеңестік, олар да солай кеңес берді» деді, — деп еске алады Нышангүл апай.

Емдеу барысында Заринаға 18 литр қан құйылған, бірақ оның қайда кеткенін ешкім түсіндіріп бере алмаған.

Босанғанына тура бір ай өткенде Зарина көз жұмды. Артында  жаңа туған және екі жасар қос ұлы әкелерімен қалды. 

— Қызымның өліміне жауаптылар жазалансын. Осындай жағдай тағы біреудің басвнан өтпесіне кім кепіл? — дейді зар жылаған ана.

Қазір бұл істі полиция тергеп жатыр.

Ал перинаталдық орталық басшылығы өз тарапынан қызметтік тексеріс жүріп жатқанын хабарлады.

— Біздің мамандар пациенттің өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салды. Барлық шара клиникалық хаттамаға сай жүргізілді. Соңғы қорытынды сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады, — деді бас дәрігердің орынбасары Ақмарал Махашева.

Айта кетейік, Зарина Сұлтанның өзі де дәрігер мамандығын игерген. Ол Алматыдағы медициналық университетті тәмамдаған. Жақында отбасы жаңа үйге көшіп келген еді. Бірақ қуаныш орнына сол үйде оның жаназасы өтті.