Екібастұз маңында жер үй өртеніп, 6 адам қаза тапты
Екібастұздың Солнечный кентіне қарасты шаруа қожалықтарының бірінде жер үй мен оған іргелес ғимараттар түгелдей отқа оранды.
Төтенше жағдай салдарынан үй ішінде болған алты адам көз жұмды.
Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабар 9 қазан күні таңғы сағат 06:34-те түскен.
«Кенттен шамамен 7 шақырым қашықтықта орналасқан шаруа қожалығының ғимараттары жанып жатқаны хабарланды. Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен құтқарушылар, сондай-ақ Екібастұз ГРЭС-2 нысаны мен Солнечный кентінің өрт сөндіру бекеті қызметкерлері жұмылдырылды», — делінген ведомство хабарламасында.
Алдын ала болжам бойынша, тілсіз жаудың шығуына отты абайсыз қолдану себеп болған.
«Белгілі болғандай, оқиға қарсаңында қожалық жұмысшылары арақ ішкен,» — деп хабарлады Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті.
Ведомствоның мәліметінше, өрт сөндірушілер келген сәтте үй түгелдей отқа оранып, шатыры құлап, жалын маңайдағы шаруашылық нысандарына тараған.
«Өрт кезінде үйде жеті адам болған. Оқиға орнынан үш әйел мен үш ер адамның мәйіті табылды. Қаза тапқандардың барлығы — шаруа қожалығының жұмысшылары.
Бір адам өз күшімен сыртқа шығып үлгерген. Ол түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді», — деп нақтылады департамент өкілдері.
Өртті сөндіру кезінде мамандар әрқайсысы 27 литрлік сегіз газ баллонын қауіпсіз жерге шығарып үлгерген.
Тілсіз жау жер үйді толығымен шарпып, жалын шаруашылық нысандарына да таралған. Жалпы жану аумағы 930 шаршы метрді қамтыған.
Қазір оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өрттің нақты себебі анықталуда.