Жаңалықтар

Мысыр, Латвия, Мексика мен Ресейге кіру ережелері өзгерді

ҚР Сыртқы істер министрлігі Египетке, Латвияға, Мексика мен Ресейге баруды жоспарлаған қазақстандықтарға арналған шекарадан өту ережелерін жаңартты.

🇱🇻 Латвия

Латвия Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап елге кірудің жаңа тәртібі күшіне енді.
Енді Латвияда тұруға рұқсаты немесе ұлттық визасы жоқ қазақстандықтар сапарға шығардан кемі 48 сағат бұрын eta.gov.lv порталында электронды өтініш толтыруы тиіс.

Анкетада сапар мақсаты, мерзімі мен бағыты, тұратын жері, байланыс деректері, сондай-ақ үміткер мен оның туыстарының мемлекеттік немесе әскери қызметтегі тәжірибесі көрсетілуі қажет.

Жалған немесе толық емес ақпарат бергені үшін 2000 еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Ерекше жағдай – дипломаттар мен елшіліктерге қысқа мерзімді ресми сапармен баратын азаматтар.
Өтініш жіберілгеннен кейін электронды растау келеді.

🇪🇬 Египет

Мысыр Араб Республикасының елшілігі хабарлағандай, 2025 жылдың 1 қазанынан бастап жаңа визалық талаптар енгізілді.

Енді 21 жасқа толмаған қазақстандықтар елге ата-анасының бірінің еріп жүруінсіз кіре алмайды.
Ал 21 жастан асқан туристер егер сапары 15 күннен аспай, тек Шарм-эш-Шейх аймағымен шектелсе, визаны Шарм-эль-Шейх халықаралық әуежайына келген соң рәсімдей алады.

Каир, Хургада немесе өзге қалаларға баруды жоспарлағандар визаны алдын ала Египет елшілігінде алуы керек.

🇲🇽 Мексика

Мексиканың Ұлттық көші-қон институтының дерегінше, қазақстандықтар елге мексикалық виза рәсімдемей-ақкіре алады, егер оларда АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Жапония немесе Шенген аймағы елдерінің көп мәртелік визасы болса.

Бұл жағдайда елде 180 күнге дейін туристік, транзиттік немесе іскерлік мақсатта болуға рұқсат етіледі.
Алайда аталған виза Мексикада жүрген бүкіл мерзімге жарамды болуы тиіс.
Мұндай визасы жоқ азаматтар мексикалық визаны алдын ала консулдықтан рәсімдеуі қажет.

🇷🇺 Ресей

Федералды заңдар №114-ФЗ және №242-ФЗ аясында Ресейде шетел азаматтарының елге кіру және шығу ережелерін сынақтан өткізу жобасы жүріп жатыр.

1-кезең – 2024 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың 30 маусымына дейін. Ол Мәскеудің халықаралық әуежайларында (Шереметьево, Домодедово, Внуково, Жуковский) және Орынбор облысындағы «Маштаково» автокөлік өткелінде іске асады. Бұл кезеңде шетелдік азаматтардың биометрикалық деректері жиналады.

2-кезең – 2025 жылдың 30 маусымынан 2026 жылдың 30 маусымына дейін барлық шекара бекеттерін қамтиды.
Осы мерзімнен бастап визасыз кірушілер сапар алдында кемі 72 сағат бұрын (шұғыл жағдайда – 4 сағат бұрын) ruID мобильді қосымшасы арқылы елге кіру мақсатын, тұратын жерін және байланыс деректерін көрсетуі керек болады.

Қазіргі уақытта бұл талап ерікті түрде енгізілген.
Қазақстан азаматтары Ресейге электронды өтінішсіз-ақ визасыз кіре алады.

Жоба келесі санаттағы азаматтарға қолданылмайды:
– дипломаттар мен халықаралық ұйым қызметкерлері;
– қызметтік және дипломатиялық паспорт иелері;
– алты жасқа толмаған балалар.