Жаңалықтар

Онкологиялық науқастар есебінен пайда таппақ болды: экс-ректор 8 жылға сотталды

Батыс Қазақстан медицина университетінің бұрынғы ректоры Асет Қалиевтің ұсталғаны туралы ақпарат биыл мамыр айының соңында белгілі болған еді.

Тергеу материалдарына сәйкес, Қалиев кәсіпкер Инесса Мутургановадан пара алды деп айыпталған. Кәсіпкер іс бойынша екінші айыпталушы ретінде қаралған.

Сот анықтағандай, 2022 жылдың қыркүйегінде университет ректоры қызметіне тағайындалғаннан кейін Қалиев бұрыннан танысы Мутургановаға «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы ақша алу схемасын ұсынған. Ол қордан онкологиялық науқастарды оңалту бөлімін жабдықтау үшін қаражат сұрауды көздеген.

Қалиев Мутургановаға өзіне бағынышты фирмалардың атынан қажетті медициналық құрал-жабдықтарға коммерциялық ұсыныс дайындап, ректор атына жіберуді тапсырған. Мұны ол үкіметтің онкологиялық аурулармен күрес жоспары аясында жүзеге асыруды ұсынған.

Жоспар бастапқыда іске асқан: 2023 жылдың қыркүйегінде Қалиев «Samruk-Kazyna Trust» қорынан 249 миллион теңгеден астам қаржы алған. Сол жылдың желтоқсанынан бастап ол Мутурганованың компанияларымен тегін жеткізу түрінде келісімшарттар жасасқан.

Тергеу дерегінше, 2024 жылдың 28 мамырында сағат 12:05-те Мутурганова 11 640 000 теңге көлеміндегі параны беру үшін Ақтөбеге келген. Сол күні кешкі 21:35-те ол «Дастан» қонақүйінің жанында ақшаны Қалиевке қолма-қол табыстаған.

Сол түні Антикор қызметкерлері Қалиевтің үйін тінтіп, пара ретінде алынған ақшаны тоңазытқыштан тапқан.

Айыпталушылар кінәсін мойындаған жоқ. Қалиев бұл ақшаны онкологиялық науқастарға арналған оңалту орталығын ашуға демеушілік көмек ретінде алдым деп түсіндірген.

Сот үкімімен Алматы облысының Іле аудандық соты Қалиев пен Мутурганованы кінәлі деп танып, екеуін де сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, оларға мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды. Бұдан бөлек, Асет Қалиев «Ерен еңбегі үшін» медалінен айырылды.