«Air Astana»-дағы үлкен ауыс-түйіс: 20 жыл басшы болған Питер Фостер орнын босатады
Air Astana компаниясын жиырма жыл бойы басқарған Питер Фостер алдағы жылы қызметінен кетеді.
Компанияның директорлар кеңесі Фостердің 2026 жылдың наурызының соңында бас атқарушы директор және директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілетін тоқтататынын хабарлады.
Дегенмен, ол Air Astana тобымен байланысын үзбейді – директорлар кеңесінің аға кеңесшісі ретінде жұмысын жалғастырады.
Компанияның қаржы жөніндегі атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел осы кезеңнен бастап бас атқарушы директор қызметіне тағайындалады.
Air Astana директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Жақыпов Фостердің екі онжылдық еңбегін жоғары бағалап, оның компанияны Қазақстан мен Орталық Азияның жетекші әуе тасымалдаушысына, сондай-ақ әлемдік авиацияда мойындалған брендке айналдырғанын атап өтті.
«Директорлар кеңесі Питер Фостерге компанияны 20 жыл бойы басқарғаны үшін шын жүректен алғыс білдіреді. Сондай-ақ Ибрахим Жанлыелдің басшылыққа келуін құптайды. Ол 2003 жылдан бері Air Astana құрамында қызмет етіп, 2017 жылдан бастап қаржы жөніндегі атқарушы директор лауазымында болды. Оның тәжірибесі мен үлесі зор, және біз оның басшылығымен компания жаңа жетістіктерге жететініне сенеміз», – деді Нұрлан Жақыпов.