Бахрейнде қазақстандық қыздарды саудаламақ болған қылмыстық топтың мүшелері ұсталды, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Tengrinews.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Дереккөз мәліметінше, адам саудасымен айналысқан қылмыстық топтың мүшелері түрмеге қамалды.
"Заңсыз топты Бахрейнде тұратын 39 жастағы ер адам басқарған. Оған төрт қазақстандық әйел көмектескен. Тағы үш бахрейндік пен Үндістаннан келген бір ер адам болған", - деп жазады басылым.
Жоғарғы соттың үкімімен барлық 9 адам айыпты деп танылды. Олар адамдарды саудалап, секс-құлдықта ұстады деп айыпталды. Сот 4 бахрейндік пен екі қазақстандық әйелді жеті жылға, Үндістаннан келген ер адамды үш айға, тағы екі қазақстандық әйелді екі айға бас бостандығынан шектеді.
Сондай-ақ, бахрейндік екі ер адамға және қазақстандық екі әйелге 2000 бахрейндік динар мөлшерінде (2,2 миллион теңге) айыппұл салынғаны айтылады.
Бұдан бөлек, қылмыстық топ мүшелерінен 219 миллион теңге мөлшерінде ақша тәркіленгені айтылады. Олар ол ақшаны есірткі сатумен айналысқанда тапқан.
Еске салайық, осыған дейін Бахрейнде 20-дан аса қазақстандық қыздың сексуалдық құлдықта болғаны хабарланған еді. "Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігінің жәрдемімен Бахрейн полициясы 21 ҚР азаматшаларын сексуалдық құлдықтан босатты. Жақсы жалақы алу уәдесіне сенген жас қыздар Бахрейнге қонақүйде қызмет көрсету саласында жұмыс жасауға келген. Алайда келген бойда күтіп алушылар құжаттарын тартып алып, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бағынбаған жағдайда күш көрсеткен", - делінген еді хабарламада.