Әскер

Әскер өлімі: Маңғыстауда жас сарбаз бензинге тұншығып қайтыс болды

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға 7 қазан күні «Үстірт» шекара заставасында болған.

Бөлім командирінің тапсырмасы бойынша әскери қызметші дизель генераторының радиаторын жууға арналған бензин алу үшін қоймаға барған.

Тапсырманы орындау кезінде сарбаз жанармай буымен уланып, есінен танып қалған деген мәлімет бар. Шамамен 10 минуттан кейін оны жерге құлап жатқан күйінде қызметтесі байқап қалған. Жауынгерге алғашқы көмек көрсетілгенімен, аман алып қалу мүмкін болмаған.

ҰҚК баспасөз қызметі әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы ақпаратты растады.

«Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі департаментінде қайғылы жағдай орын алды — мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болған», — деп хабарлады ҰҚК.

Ведомствоның мәліметінше, полиция органдары қылмыстық іс қозғап, қосымша қызметтік тергеу басталған.

«Шекара қызметі қаза болған жауынгердің туыстары мен жақындарына терең қайғырып, көңіл айтады», — делінген ресми хабарламада.