Жаңалықтар

Әуе рейстері неге кешіге береді? Министрлік Астана, Алматы әуежайларын тексеруге кірісті

Ұшақ кідірісі мен ұзын-сонар кезек: Көлік министрлігі Астана мен Алматы әуежайларына тексеріс жіберді

Астана және Алматы әуежайларында жоспардан тыс тексерістер басталды. Бұған рейстердің жиі кешігуі, ұшақтардың ауыстырылуы, ұзын кезектер мен қызмет сапасына шағымдардың көбеюі себеп болған.

Көлік министрлігінің хабарлауынша, Азаматтық авиация әкімшілігінің инспекторлары екі апта бойы қос қала әуежайларында кезекшілік атқарып, ұшып кету және келу залдарындағы жағдайды бақылап, жолаушылардан сауалнама алады.

Air Astana компаниясының дерегіне сүйенсек, рейстердің уақытылы орындалу көрсеткіші қазір 77 пайыздан аспайды. Министрлік бұл деңгейді, әсіресе қыс маусымы алдында, арттыруды талап етті.

Вице-министр Талғат Ластаев әуекомпанияларға бірінің орнына екіншісінің ұшағын қолдануға тыйым салуды тапсырды. Мысалы, Air Astana орнына FlyArystan немесе керісінше ұшақ жіберуге болмайды.

«Әр әуекомпанияның өз резервтік борты болуы тиіс», — деді Талғат Ластаев.

Қазір ұшақ ауыстырылған жағдайда тек бизнес-класс жолаушыларына ғана өтемақы қарастырылған. Алдағы уақытта бұл тәртіп қайта қаралуы мүмкін.

Бұған дейін Алмас Алтай рейсті кешіктергені үшін «Эйр Астанадан» 96 мың теңге өндіріп алғанын және өтемақыны қалай алуға болатыны туралы жазғанбыз.

Өткен аптада FlyArystan компаниясы бір жолаушыдан билет уақытын өзгертқені үшін 188 мың теңге талап еткені белгілі болды. Алайда рейс уақытының төрт сағатқа кешігуіне компанияның өзі себеп болған. Әуе компаниясы мұны «өндірістік себептермен» және ішкі ережелермен түсіндірген.