Экология

Бірде-бір ағаш кесілмейді: Алматының Баум тоғайында қанша ағаш бары белгілі болды

Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасына қарасты «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағы Баум тоғайында 104 429 ағаш және 5081 бұта бар екенін хабарлайды. Олардың барлығы мемлекеттік орман қоры санатына жатады және ерекше қорғалатын табиғи аумақтың бір бөлігі болып табылады,- деп хабарлайды newsroom.kz

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен ҚР АШМ Орман шаруашылығы ғылыми-инновациялық институты жүргізген түгендеу деректеріне сәйкес, сау екпелер – 55%, әлсіреген – 23%, өсімі тежелген – 12%, қурау бастағандар – 8%, қурап біткен және апатты жағдайдағысы – әрқайсысы 1%. Осылайша, апатты жағдайдағы ағаштардың үлесі жалпы санының 9%-дан сәл ғана асады. Бұл БАҚ-та бұрын таралған «48% ағаш кесіледі» деген ақпаратты жоққа шығарады.

Сонымен қатар 2026 жылы аумақты абаттандыру аясында тоғайдың жасыл қорын толықтыру және табиғи шығынды өтеу мақсатында мыңнан астам жаңа ағаш егу бағдарламасы жүзеге асырылады.

Ағаштарды санитарлық сауықтыру – бұл ауру, қурап қалған және зақымданған бұтақтарды кесу, зиянкестер мен ауруларға қарсы күрес бойынша кешенді іс-шара. Негізгі әдістері: санитарлық мақсатта кесу, екпелерді өңдеу және ағаш діңінің айналасын алдын алу тазалау. Бұл шаралар ағаштардың саулығын, пішінін және  ұзақ тіршілік етуді сақтауға бағытталған.

Тоғайдағы жұмыстар табиғи ортаға барынша аз араласу қағидатымен атқарылады. Абаттандыруда цемент-бетон бұйымдарын қолданбай, экологиялық материалдар пайдаланылады. Экологиялық жүргінші жолақтары мен энергоүнемдегіш жарықтандыру орнатылады, сондай-ақ келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция бекеттері мен бейнебақылау жүйелері қарастырылады.

Тоғайды қалпына келтіру жұмыстары қатар жүруде. 2023 жылы еріктілер Сиверс алмасы мен жапырақты тұқымдардың 1430 көшетін, 2024 жылы емен, шырша және өрік ағаштарының 720 көшетін отырғызды. Жұмыс еріктілер мен демеушілер есебінен, бюджет қаражатын тартпай жүзеге асырылуда.

Осылайша, Баум тоғайындағы барлық іс-шара тек бірегей табиғи аумақты сақтау, сауықтыру және қалпына келтіруге бағытталған. Мақсат – тоғайдың Алматы тұрғындарының сүйікті демалыс орны әрі қаланың жасыл нышаны болып қала беруін қамтамасыз ету.

Қала тұрғындары мен БАҚ өкілдерін тек ресми әрі тексерілген дереккөздерге - Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметтеріне, «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағының ақпараты және жобаға қатысушы ғылыми институттардың деректеріне сүйенулеріңізді сұраймыз.