Sportroom

Шерхан әскерден қала ма? Саясат Нұрбек тегін грант сыйлады

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақ спорт және туризм академиясының студенті, жас спортшы Шерхан Қалмұрзамен кездесті

Кездесу барысында министр елдегі бұқаралық спортты дамыту мен жастардың әлеуетін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы бұқаралық спорттың дамуына ерекше мән береді. Президент өз сөзінде: “Балалардың әл-ауқаты, денсаулығы және сапалы білім алуы – елдің болашағымен тікелей байланысты мәселе”, – деп атап өтті. Осы бағытта біз жастарды қолдап, олардың мүмкіндіктерін ашуға және халықаралық аренада еліміздің беделін арттыруға жағдай жасап келеміз», – деді министр.

Саясат Нұрбек сонымен қатар спортшылардың жоғары сапалы білім алуының маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл оларға спортта ғана емес, болашақта өмірдің түрлі салаларында да табысқа жетуге мүмкіндік береді.

«Әрбір спортшы халықаралық стандарттарға сай сапалы білім алуы тиіс. Бұл олардың жан-жақты дамуына, кәсіби және тұлғалық тұрғыдан өсуіне жол ашады», – деді ол.

Министр жас қақпашының жетістігін ерекше атап өтіп, оның жетістігі қазақстандық жастарға үлгі болатынын жеткізді.

«Жас қақпашының тарихи жетістігі – бүкіл қазақстандық жастар үшін жарқын үлгі. Оны осы жетістігімен шын жүректен құттықтаймын және алдағы матчтарда сәттілік тілеймін», – деді Саясат Нұрбек.

Кездесу барысында Шерхан Қалмырзаға оқу орнынан ректорлық білім гранты табысталды. Бұл қолдау студенттің еңбегі мен табандылығына берілген лайықты марапат ретінде бағаланды.

Қазақ спорт және туризм академиясының спорт және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Мұхтар Ысқалиев оқу орны әрқашан оқушылар мен студенттердің бастамаларын қолдауға дайын екенін атап өтті.

Өз кезегінде Шерхан Қалмырза көрсетілген құрмет пен қолдау үшін алғысын білдіріп, еліміздегі футболдың дамуына өз үлесін қоса беретінін айтты.