Жаңалықтар

110 млн теңге ставка: футболшылар тыйымға қарамастан бәс тіккен

Бас прокуратура Қазақстан футбол федерациясы мен бірқатар клубтардың жұмысын тексеріп, келісілген матчтар мен футболшылардың букмекерлік ставкаларға қатысуына байланысты бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.

Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның сауалына берген жауабында мәлім етті.

Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, еңбек келісімшарттарында тікелей тыйым жазылғанына қарамастан, футболшылар мен бапкерлер бәс тігуін тоқтатпаған. Мәселен, Ақтауда тоғыз ойыншы жалпы сомасы 110 миллион теңгеге ставка жасағаны анықталған.

2025 жылғы 2 сәуірде прокуратура Федерацияға анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде ұйғарым жолдады. Бұдан кейін ФФК аудит, қаржы және этика комитеттерін құруды және қаржылық тәртіпті нығайтуға бағытталған 33 шараны қамтитын «жол картасын» әзірлеген.

Федерация сондай-ақ кадрлық шешімдер қабылдап, әкімшілік басшылығының, басқарушы директордың, заң, операциялық және маркетинг бөлімдері директорларының, сондай-ақ қауіпсіздік және адалдық қызметі басшысының келісімшарттарын бұзған. Бірқатар қызметкерлер төменгі лауазымға ауыстырылған.

2025 жылғы 20 мамырдағы мәліметке сәйкес, Футбол федерациясы бұзушылықтарды толық жою, қаржылық бақылауды күшейту және құрылымды оңтайландыру бағытындағы жұмысын жалғастырып келеді.