Жаңалықтар

Полицей бөлімінен өлі әйел мен ес-түссіз майор табылды

Қарағандыда түн ортасында полицей бөлімінен 23 жастағы әйелдің мәйіті мен ес-түссіз жатқан полиция майоры табылды. Бұл туралы өңірлік «Патриот» арнасына сілтеме жасап хабарлаймыз.

1 қазанға қараған түні бөлімнің бір бөлмесінде жалаңаш күйде жатқан қыздың денесі, ал келесі бөлмеде есінен танған полиция қызметкері анықталған. Алдын ала болжам бойынша, майор есірткіден уланған. Ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Полиция ғимараты дереу қоршауға алынып, оқиға орнына Қарағанды облыстық полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин мен арнайы тергеу тобы келген. Ішкі істер министрлігінен вице-министр де жағдайды жеке бақылауына алу үшін Қарағандыға аттанған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, полицейдің жағдайы ауыр болғанымен, қазір өміріне қауіп жоқ.

«Пациенттің жағдайы ауыр, бірақ оң динамика байқалады», — делінген ресми хабарламада.

Марқұм әйелдің төрт жасар ұлы қалғаны белгілі болды. Ол полицеймен бұрыннан таныс болған. Қазір химико-токсикологиялық сараптама жүргізіліп жатыр — оның қорытындысы өлім себебін анықтайды.

Тергеу аясында полиция майорынан жауап алынбақ.