Алматыда сарбаз үшінші қабаттан секіріп кетті
Алматыда мерзімді әскери қызметші ғимараттың үшінші қабатынан секіріп түсті. Оқиға 4 қазан күні Гоголь мен Масанчи көшелерінің қиылысында болған.
Куәгерлер әскери форма киген жігіттің жерде жатқан сәтін видеоға түсірген. Олардың айтуынша, сарбаздың денесі қанға боялған, ол «Каусар» деген біреуді шақырып айғайлаған. Оқиға орнына әскери қызметкерлер мен дәрігерлер дереу жеткен.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметі оқиғаның болғанын растады. Ресми дерек бойынша, сарбаз терезеден өз еркімен секірген. Бейнебақылау жазбаларында бөгде адамның араласқаны байқалмаған.
Мәлім болғандай, ол әскерге шақырылмай тұрып жақын туысынан айырылып, бейімделу күйзелісін өткерген. Қазір зардап шеккен сарбаз ауруханада, дәрігерлер оның жағдайын нақтылап жатыр.