Руслан Берденов Алматы әкімдігіне жаңа қызметке ауысты
Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденов енді Алматыда жұмыс істейді. Оны Алматы әкімдігінде жаңа қызметке тағайындады.
Ол өзінің тәжірибесін, күш-қайратын және кәсібилігін алматылықтардың өмір сапасын жақсартуға жұмсамақ.
Берденов Алматыны дамыту орталығын басқарады.
Бұл орталық мегаполистің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, әкімдікке де, тұрғындарға да түрлі кәсіби қызмет көрсетеді. Мұндағы қызметтердің басты мақсаты – қала басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, алматылықтардың тұрмыс сапасын жақсарту және оңтүстік астананы әлемдегі ең қолайлы әрі тартымды қалалардың қатарына қосу.
Еске сала кетейік, биыл 21 сәуірде Руслан Берденовке бірнеше мәрте оқ атылған болатын. Оқиға Шымкент әкімдігі ғимаратының жанында болған. Берденовтің кеудесі мен аяғына оқ тиген. Күдікті бірден ұсталды. Ол – «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры Ернар Жиембай болып шықты.
Тергеу кезінде Жиембай қызғаныштан оқ атқанын айтты. Оның сөзінше, Берденов оның әйелін «жезөкше» деп балағаттаған. Бірақ жәбірленуші бұл айыптауларды жоққа шығарып, одан бұрын да Жиембай тарапынан қоқан-лоқы болғанын жеткізді.
Прокурор Ернар Жиембайды 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот үкімі бойынша ол 9 жылға сотталды.
Айта кетейік, тамыз айының соңында Руслан Берденов Шымкент әкімінің орынбасары қызметінен кеткен еді.