Алматыда XIV Азаматтық форум өтті
Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдерінен құралған 300-ден астам адам қатысқан XIV Азаматтық форум өтті,- деп хабарлайды newsroom.kz
Шараны Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков форумның ашылуымен құттықтап, мегаполистің дамуындағы цифрлық технологиялардың маңызды рөлін атап өтті:
– Бүгінде цифрлық трансформация – заманауи қаланың өмір сүруінің ажырамас бөлігі. Алайда бұл – мемлекет, ҮЕҰ және азаматтардың бірлескен әрекетінің нәтижесінде ғана мүмкін болады. Тұрғындардың белсенділігінің жарқын мысалы – “Халық қатысатын бюджет” жобасы, сондай-ақ алғаш рет жүзеге асырылған Жастардың қатысу бюджеті. Цифрлық технологиялардың арқасында біз қызметтерді қолжетімді әрі ашық етеміз, ең бастысы – жемқорлық тәуекелдерін азайтамыз. Бұл – қоғам сенімі мен тұрақты даму үшін аса маңызды, – деді ол.
«Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева мемлекет пен үкіметтік емес сектордың ынтымақтастығы нақты нәтиже беріп жатқанын атап өтті:
– Қоғамдық бақылау туралы заң қабылданды, қоғамдық кеңестер туралы заңға түзетулер енгізілді, петициялар туралы заң және өзге де маңызды бастамалар қабылданды. Бұл – азаматтық қоғам үшін маңызды құралдар. Дегенмен көпжылдық зерттеулер мен Альянстың жұмысы көрсетіп отырғандай, Қазақстанға үкіметтік емес ұйымдар туралы жеке заң қажет. Бұл үшінші секторды одан әрі дамыту үшін маңызды қадам болмақ, – деді Бану Нұрғазиева.

Сөз соңында Нұрғазиева мегаполис үшін жаңа ұсыныс жасады:
– Алматыдағы үкіметтік емес сектор – елдегі ең белсенді. Сондықтан дәл осы жерде ҮЕҰ үшін арнайы Үй – ынтымақтастық пен даму үшін заманауи алаң құру қажет. Мұндай орталық Қостанайда 14 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Онда заңгерлер, ресурстық орталық және Альянс бір шаңырақ астында қызмет етеді. Алматы да мұндай инфрақұрылымға әбден лайық, – деді ол.