Жаңалықтар

Мұғалім тапшы: сұраныс көп, үміткер аз

2025 жылдың қаңтарынан қыркүйектің ортасына дейін «Ұстаз, оқытушы, педагог» мамандығына қатысты еңбек нарығына талдау жасалды. Зерттеу барысында жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің белсенділігі, жалақы мөлшері және бәсекелестік деңгейі қарастырылды.

Жұмыс іздеушілер азайып келеді

hh.kz командасының дерегінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл педагог мамандығы бойынша түйіндеме саны 1,4%-ға төмендеген. Сарапшылар мұны салада жұмыс іздеуге деген сақтықпен байланыстырады. Соған қарамастан күтілетін жалақы сәл көтерілген: медианалық көрсеткіш 247 453 теңгеден 250 377 теңгеге жетіп, 1,2%-ға өскен.

Қалалар бойынша ең көп түйіндеме Алматыдан түсті (34,1%, +3%). Екінші орында – Астана (28,5%), одан кейін Шымкент (7,5%, -16%). Қарағанды (-7%), Ақтөбе (-8%) және Атырау (-6%) белсенділігі төмендеген қалалар қатарында. Ал Ақтау (+2%) мен Тараз (-5%) көрсеткіштері орташа деңгейде. Павлодар (-1%) мен Оралда (-3%) салыстырмалы тұрақтылық байқалады.

Жұмыс берушілер белсенділігі артты

2025 жылдың басынан қыркүйекке дейінгі кезеңде педагогтарға арналған вакансиялар саны 7,7%-ға артқан. Бұл саладағы мамандарға сұраныстың әлі де жоғары екенін айғақтайды. Жұмыс берушілер ұсынған жалақының медианасы 240 622 теңгеден 250 877 теңгеге дейін өсіп, 4,3%-ға көтерілген.

Ең көп бос орын Алматыда жарияланды (42,8%, +7%). Одан кейін Астана (33,8%, +15%) және Шымкент (4,1%, -3%). Қарағанды (+1%), Атырау (+5%), Павлодар (+9%) және Тараз (+34%) оң көрсеткіш көрсетті. Ал Ақтөбе (-8%) мен Ақтауда (-19%) жұмыс берушілер белсенділігі төмендеген. Оралда өсім 1% шамасында сақталған.

Бәсекелестік деңгейі

Қаңтар–қыркүйек аралығында педагог мамандығына қатысты бәсекелестік индексі 5,9 деңгейінде тіркелді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен (6,5) салыстырғанда 9,2%-ға аз. Яғни, бір вакансияға орта есеппен алты үміткерден келеді. Бұл жұмыс берушілер үшін лайықты кандидаттарды тезірек табуға мүмкіндік берсе, мұғалімдер тарапынан қызығушылықтың сақталып отырғанын да байқатады.