Жұмыс іздеушілер азайып келеді
hh.kz командасының дерегінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл педагог мамандығы бойынша түйіндеме саны 1,4%-ға төмендеген. Сарапшылар мұны салада жұмыс іздеуге деген сақтықпен байланыстырады. Соған қарамастан күтілетін жалақы сәл көтерілген: медианалық көрсеткіш 247 453 теңгеден 250 377 теңгеге жетіп, 1,2%-ға өскен.
Қалалар бойынша ең көп түйіндеме Алматыдан түсті (34,1%, +3%). Екінші орында – Астана (28,5%), одан кейін Шымкент (7,5%, -16%). Қарағанды (-7%), Ақтөбе (-8%) және Атырау (-6%) белсенділігі төмендеген қалалар қатарында. Ал Ақтау (+2%) мен Тараз (-5%) көрсеткіштері орташа деңгейде. Павлодар (-1%) мен Оралда (-3%) салыстырмалы тұрақтылық байқалады.
Жұмыс берушілер белсенділігі артты
2025 жылдың басынан қыркүйекке дейінгі кезеңде педагогтарға арналған вакансиялар саны 7,7%-ға артқан. Бұл саладағы мамандарға сұраныстың әлі де жоғары екенін айғақтайды. Жұмыс берушілер ұсынған жалақының медианасы 240 622 теңгеден 250 877 теңгеге дейін өсіп, 4,3%-ға көтерілген.
Ең көп бос орын Алматыда жарияланды (42,8%, +7%). Одан кейін Астана (33,8%, +15%) және Шымкент (4,1%, -3%). Қарағанды (+1%), Атырау (+5%), Павлодар (+9%) және Тараз (+34%) оң көрсеткіш көрсетті. Ал Ақтөбе (-8%) мен Ақтауда (-19%) жұмыс берушілер белсенділігі төмендеген. Оралда өсім 1% шамасында сақталған.
Бәсекелестік деңгейі
Қаңтар–қыркүйек аралығында педагог мамандығына қатысты бәсекелестік индексі 5,9 деңгейінде тіркелді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен (6,5) салыстырғанда 9,2%-ға аз. Яғни, бір вакансияға орта есеппен алты үміткерден келеді. Бұл жұмыс берушілер үшін лайықты кандидаттарды тезірек табуға мүмкіндік берсе, мұғалімдер тарапынан қызығушылықтың сақталып отырғанын да байқатады.