Сараптама

Қазақстандықтар автобус пен таксиге  қанша ақша жаратады

2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында елімізде автомобиль және қалалық электр көлігімен 1,2 млрд жолаушы тасымалданды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,5%-ға жоғары.

Energyprom.kz дерегінше, өңірлер арасында көшті Алматы бастады – мұнда 314,7 млн жолаушы тасымалданып, республикадағы жалпы көлемнің 25,9%-ын құрады. Жылдық өсім – 5,8%. Одан кейінгі орындарда Астана (195,8 млн жолаушы, +12,7%) және Қарағанды облысы (85,6 млн жолаушы, +11,4%). Ең төмен көрсеткіштер Ұлытау (12,2 млн), Түркістан (18,3 млн) және Жетісу (18,6 млн) облыстарында тіркелді.

Жолаушылардың басым бөлігі автобусты таңдаған: барлық тасымалдың 1,1 млрд-ы немесе негізгі үлесі осы көлікке тиесілі. Бұл – бір жылда 6,9%-ға өсім. Такси қызметі 2,3 есе артып, 102,2 млн адамды құрады. Ал троллейбус (-9,7%, 20,4 млн) пен трамваймен (-9,7%, 10,4 млн) қатынау азайды. Жалпы жолаушылар айналымы 28 млрд пкм-ге жетіп, бір жылда 16,5%-ға өсті.

Жүк тасымалы
Осы кезеңде автомобиль көлігімен 221,9 млн тонна жүк тасымалданды – былтырғыдан 1,8% артық. Жүк айналымы 31,5%-ға артып, 30 млрд ткм болды.

Көлік қызметтерінен түскен табыс
8 айда тасымалдаушы компаниялар 311,4 млрд теңге жолаушы тасымалынан (өткен жылы – 200 млрд), 930,6 млрд теңге жүк пен багаж тасымалынан (708,9 млрд), 143,6 млрд теңге көлік құралдарын жүргізушімен бірге жалға беруден (115,8 млрд) кіріс тапты.

Инвестициялар
Автомобиль және қалалық электр көлігі саласына бағытталған инвестициялар 53,6 млрд теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 13,6%-ға аз. Оның ішінде автобус тасымалына – 41,8 млрд, метроға – 10,2 млрд, трамвайға – 257,4 млн, такси секторына – 84 млн теңге салынған.

Қаржы 20 өңірдің 17-сін қамтыды. Көбірек инвестиция тартқан Алматы – 14,9 млрд теңге (+87,3%). Сондай-ақ алғашқы бестікке Атырау (11,8 млрд), Павлодар (7,7 млрд), Ақтөбе (4,7 млрд) және Қарағанды (4,5 млрд) облыстары кірді. Ең аз қаржы Солтүстік Қазақстан облысына бағытталды – бар болғаны 10,7 млн теңге (былтыр – 469,2 млн).

Жүк көлігі және көшу қызметтері
Бұл секторға салынған инвестициялар 46,4 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 31,3%-ға өсті. Оның ішінде жүк көлігінің өзіне – 45,6 млрд теңге (+31,2%), көшу қызметтеріне – 805,9 млн теңге (+38,4%) бағытталды. Көбірек қаржы Алматы облысы (15,1 млрд), Алматы (7,1 млрд), Павлодар (5,9 млрд), Ақтөбе (4,7 млрд) және Түркістан (2,5 млрд) облыстарына тиесілі болды. Ең төменгі көрсеткіш Шымкентте (49,2 млн), Қостанай (90,7 млн) және Шығыс Қазақстан (305 млн) облыстарында тіркелді.

Халықтың көлік шығындары
2025 жылдың ІІ тоқсанында әрбір отбасы көлік қызметіне орта есеппен 25,2 мың теңге жұмсады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,5%-ға көп. Көбірек шығынданғандар – Маңғыстау облысының отбасылары (38,4 мың теңге). Одан кейін Алматы (37,4 мың), Алматы облысы (35,3 мың), Атырау (30 мың), Қызылорда (29 мың) және Астана (26,5 мың) тұр. Ең аз шығын Солтүстік Қазақстан (13,5 мың), Ақмола (13,6 мың) және Жетісу (15,2 мың) облыстарында болды.

Баға өзгерістері
Тамыз айында автомобиль көлігімен жолаушы тасымалының құны бір айда 1,9%-ға, бір жылда 5,8%-ға қымбаттады. Айлық динамикада такси арзандады (-0,3%), қалаішілік автобус қымбаттады (+3,3%), қалааралық автобус бағасы 1,6%-ға өсті. Жылдық көрсеткіште такси 11%-ға, қалаішілік көлік 4%-ға, қалааралық автобус 3,8%-ға қымбаттаған.

Өңірлік тұрғыдан алғанда, айлық өсім 20 өңірдің 8-інде байқалды. Әсіресе Алматы облысында – бірден 22,1%-ға. Одан кейін Солтүстік Қазақстан (+2,7%), Қарағанды (+2,1%), Түркістан (+2%), Павлодар (+1,4%). Ал Шымкент (-1,7%) пен Алматыда (-0,7%) керісінше арзандады. Қалған өңірлерде баға өзгермеді.

Жылдық тұрғыдан алғанда, баға 20 өңірдің 19-ында көтерілген. Тек Атырау облысында тұрақты қалды. Ең жоғары өсім Алматы облысында (+22,1%), Жамбылда (+16,3%) және Түркістанда (+14,5%). Ал ең төменгі көрсеткіш Астанада (+0,1%), Алматыда (+1%) және Павлодарда (+1,4%).